28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағына соққы жасады. Иран ақпарат құралдары бірнеше қалада жарылыс болғанын хабарлады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп 8 минуттық видеоүндеуінде Иранға қарсы «ірі әскери операция» басталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам «Иран режимінен төнген қатерге төтеп беріп, Америка халқын қорғау» мақсатында жасалып отыр.
Трамп Иранды ядролық бағдарламасын дамытып жатыр деп айыптап, елдің ракета өнеркәсібін жою ниеті барын да жеткізді.
Соғыста адам шығыны болуы мүмкін, бірақ біз мұны бүгін үшін емес, болашақ үшін жасап жатырмыз. Бұл – киелі миссия, – деді ол әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемесінде.
Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарының мәліметінше, Израиль мен АҚШ күштерінің Иран аумағына жасаған әуе шабуылдарынан кем дегенде 201 адам қаза болды.

Press TV телеарнасының мәліметінше, Минаб қаласындағы қыздар медресесінің ғимаратына зымыран түсіп, кемінде 85 оқушы қыз қаза болған. Тағы 92 адам жараланған. Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр, қираған ғимарат астында қалғандар бар. Телеарна таратқан видеоларда тұрғындардың медресе қирандыларын аршып жатқан сәті көрсетілген.
Ал CNN хабарлауынша, Минабтағы мектеп әскери базадан шамамен 60 метр жерде орналасқан. Бұған дейін медресе сол базаның бір бөлігі болған болуы мүмкін деген болжам айтылады.

Иран АҚШ пен Израильдің өз аумағына жасаған соққыларына жауап ретінде Израильге ондаған зымыран жіберді. Әуе қорғаныс жүйелері қауіптің бетін қайтару үшін жұмыс істеп жатқаны айтылды. Ел аумағында әуе дабылы жарияланып, тұрғындарға жасырыну тапсырылды.
Al Jazeera мәліметінше, зымырандар Қатар мен Бахрейн бағытында да ұшырылған. Қатардағы америкалық «Әл-Удейд» базасы маңында бір зымыран әуе қорғаныс жүйесімен атып түсірілген.
