Алматыда тағы 2 кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ешқашан ұйықтамайтын мегаполис» қалыптастыру жөніндегі тапсырмасы бойынша, Алматыда тәулік бойы қызмет көрсететін кітапханалар желісі кеңейіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

1 наурыздан бастап Алмалы ауданындағы А. П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана (Гоголь көшесі, 109) мен Наурызбай ауданындағы Алматы кітапханаларының Бельгер көшесі, 1Б мекенжайында орналасқан филиалы 24/7 режиміне көшеді.

Бұған дейін, 2023 жылғы қыркүйектен бері Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы, Alatau Creative Hub орталығы және Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана тәулік бойы қызмет көрсетіп келеді. Биыл ақпан айынан бастап бұл тізімге Қазақстан жазушылары кітапханасы мен Розыбакиев көшесі, 247/7 мекенжайындағы филиал қосылған. Осылайша, 1 наурыздан бастап қалада тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар саны жетіге жетеді.

1931 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан А. П. Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана – Алматының тарихи-мәдени нысандарының бірі. Ғимараттың аумағы 1 572,6 шаршы метрді құрайды, кітап қоры 100 мыңнан асады.

Ал Бельгер көшесіндегі жаңа филиал 2026 жылғы 9 қаңтарда ашылған. Аумағы 614 шаршы метр болатын кітапханада шамамен 9 мың дана кітап бар.

Екі нысанда да жоғары жылдамдықтағы интернет, Wi-Fi, Almaty-library ақпараттық жүйесі, RFID қақпалары және өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылған. Сонымен қатар ерекше қажеттігі бар азаматтарға арналған арнайы жұмыс орындары, Брайль бағдарламалары мен дыбыстық интерфейстер қарастырылған.

Жоба қала тұрғындарына тәуліктің кез келген уақытында білім алуға, жұмыс істеуге және шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік береді.