Рамазан айы: Әйелдерге қатысты 10 сұрақтың жауабы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Оразаға қатысты 200 сұрақ» деген жинақ кітапша шығарды. Бұл шағын кітапшада қасиетті Рамазан айына қатысты көпшілікті толғандырған сұрақтардың жауабы топтастырылған. Baribar.kz кітапшадан әйелдерге қатысты 10 сұрақтың жауабын теріп алып, ұсынып отыр.

1. Рамазан айында әйел кісіге боянуға, лак немесе крем жағуға бола ма?

Оразаны сырттан ішке кірген нәрсе бұзады. Сондықтан қолға, бетке жағатын крем, лак тағы басқа қолдану оразаға кедергі келтірмейді. Терідегі жасушалар арқылы ет пен терінің арасына сіңетін заттар оразаны бұзбайды.

Алайда крем, лак су өткізбейтіндіктен дәрет алмас бұрын сүртіп, кетіру қажет. Себебі қалың жағылған крем дәрет алғанда суды теріге өткізбеуі мүмкін. Ал теріге су тимеген соң дәрет дұрыс болмайды.

2. Ораза кезінде әйелге шаш бояуға, тырнақ жөндеуге бола ма?

Жалпы, шариғат бойынша әйелге күйеуінің алдында сәнденіп шашын, тырнағын бояуға, сәнденуге болады. Ораза кезінде де шаш бояу, тырнақ жөндеу амалдары оразаға кедергі емес. Тек бояну барысында мұрын, тамақ арқылы ішке бір нәрсенің кетіп қалмауына мұқият болу керек.

3. Етеккір кезінде әйелдің оразасы қалай болады?

Рамазанда әйел адамның етеккірі келсе немесе жүкті әйел босанса, оразасы бұзылады. Етеккір күндері мен нифас кезінде (босанғаннан кейін жатырдан бөлінетін қан) ораза ұстауға болмайды. Етеккірі келген сәттен бастап ораза ұстауын тоқтатады. Дегенмен ел-жұртқа көрсетіп ішіп-жемегені абзал. Кейін ұстай алмаған күндерінің қазасын өтейді.

4. Рамазанда таң намазына дейін әйел етеккірінен (хайыз) тазарса не істейді?

Әйел кісі Рамазан айында таң намазының уақыты кіргенге дейін етеккірінен тазарса, ораза ұстауы міндет. Ниет етіп оразасын тұта бастайды. Ал әйел таң намазы кіргеннен кейін ғана етеккірінен тазарса, ораза ұстамайды. Оразаны келесі күннен бастап ұстайды.

5. Әйел етеккірін кешіктіру үшін әдейі дәрі ішуіне бола ма?

Мұндай дәрі ішкен соң етеккірі келмей, ауыз бекітсе, оразасы дұрыс болады. Алайда бұл әрекет ағзаға зиян келтіруі мүмкін. Асыл дініміз денсаулыққа зиян факторлардан сақтануды үндейді. Сол себепті мұндай дәрі қолданбаған жөн. Етеккір кезінде ұстамаған оразаның қазасын кейін өтеуге болады.

6. Әйел етеккірі келгенде намазды тоқтатады да, етеккірден тазарғаннан кейін намаздың қазасын өтемейді. Осы жағдай оразада қалай болады?

Әйел етеккір болғандықтан намазын оқымайды және оның қазасын да өтемейді. Себебі намаз тәулігіне бес уақыт оқылады. Ал етеккір үш күннен 10 күнге созылады. Әрі бұл — ай сайын қайталанатын жағдай. Сондықтан бес уақыт намаздың қазасын өтеу қиын болады. Бұл да — Ислам дінінің әйелге жасаған жеңілдігі.

Ал ораза олай емес. Рамазан айында етеккір келіп, ораза тұтпаған күндердің қазасын кейін өтеуге тиіс. Себебі ораза — жылына бір рет қана орындалатын парыз және қазасын кез-келген уақытта арасын үзбей ұстауға немесе бөліп ұстауға да болады.

7. Ораза кезінде аяғы ауыр немесе емізулі сәбиі бар аналар не істесе болады?

Ислам – жеңілдік діні. «Бақара» сүресінің 184-аятында: «Алла Тағала ешкімге шамасынан тыс, көтере алмайтын міндет жүктемейді», – делінген. Сондықтан аяғы ауыр немесе еметін баласы бар аналар өз тәжірбиесіне және сенімді дәрігердің кеңесіне сүйене отырып, өзіне, баласына зиян келуден қорықса, ораза ұстамауыына болады. Алайда кейін қазасын өтеуі шарт. Хадисте: «Алла Тағала жолаушыны оразадан және намаздың жартысынан босатты, әрі аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерді оразадан босатты», – делінген (Байһақи).

8. Балаға ас шайнап беруге бола ма?

Шарасыз жағдайда балаға ас шайнап беруге болады. Тек жұтып қоймауға сақ болу керек. Зәру болмаса, мәкрүһ (ұнамсыз нәрсе) саналады.

9. Гинекологқа қаралса, әйелдің оразасы бұзыла ма?

Гинекологқа ауыз ашқаннан кейін қаралғаны абзал. Ханафи мазһабында ораза кезінде дәрігерге қаралса, сұйық жағылған зат әйелдің әуретіне салынса (енсе), оразасы бұзылады. Қандай да бір зат ішкі әуретке түгелдей салынса, ораза бұзылады, Мысалы: ішкі әуретке «тампон» тұтас енсе, яғни оның бір бөлігі сыртқы жақта қалмаса, ораза бұзылады. Алайда түгелдей салынбаса және құрғақ болса, онда ораза бұзылмайды.

10. Тығындәрі (свеча) салу, ішкі дәрет жолына дәрі тамызу оразаны бұзады ма?

Иә, оразаны бұзады. Бір күн қазасын өтеуі керек.

***

Тағы оқыңыз:

Рамазан айы туралы 15 сұрақтың жауабы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да