2 наурызда Мемлекеттік күзетке іріктеу басталады. Талап қандай?

2026 жылғы 2 наурызда еліміздің барлық өңіріндегі жергілікті әскери атқару органдарында ҚР Мемлекеттік күзет қызметі қатарындағы мерзімді әскери қызметке үміткерлерді іріктеу басталады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, іріктеу науқаны 10 сәуірге дейін жалғасады.

18–27 жас аралығындағы азаматтар шақырылады

Қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы, бойы 180 см-ден жоғары және 195 см-ден аспайтын, денсаулығы жарамды, білімі орта, орта арнаулы немесе жоғары кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Жоғары білімді, спорттық жетістіктері мен разрядтары бар үміткерлерге басымдық беріледі. Іріктеуден өткен сарбаздар әскери борышын Астана және Алматы қалаларында орналасқан «Айбын» және «Батыр» президенттік полктерінде өтейді. Олар тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен әскери дайындықтан өтіп, жауынгерлік және арнайы даярлық сабақтарында қажет әскери мамандықтарды меңгереді, — делінген хабарламада.

Мерзімді қызмет сарбаздары ҚР Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы эталондарын күзетеді, мемлекет басшысының қатысуымен өтетін протоколдық іс-шараларға қатысады, сонымен қатар күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Мамандардың айтуынша, Мемлекеттік күзет қызметіндегі мерзімді әскери қызмет – жас азаматтар үшін тәртіп пен жауапкершілік мектебі. Қызметті аяқтаған соң сарбаздар келісімшарт негізінде қызметін жалғастырып, арнаулы мемлекеттік органның қызметкері немесе офицері болуға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар мерзімді әскери қызмет атқарған азаматтарға Қазақстан Республикасында көзделген барлық әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да