Алматыда биылдан бері қоғамдық көліктердің қатысуымен 28 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 31 адам жарақат алған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта мегаполисте жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолаушылар тасымалы саласында тәртіп орнатуға бағытталған республикалық «Көлік тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр.
Тексеру жұмыстары тек автобустармен шектелмейді. Қала аумағында жолаушыларды тасымалдайтын барлық көлік тасымалдаушылар бақылауға алынған. Арнайы назар көліктің техникалық жағдайына, рұқсат құжаттарының болуына, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауына, сонымен қатар заңсыз тасымал деректеріне аударылады.
Биылдан бастап қоғамдық көліктердің қатысуымен 28 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 31 адам жарақат алды. Бұл профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді. Іс-шара аясында біз барлық тасымалдаушыларды тексеріп, заңсыз тасымал фактілерінің алдын алуға және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге басымдық береміз. Жолдағы заң мен тәртіп – қала тұрғындарының қауіпсіздігінің кепілі, – делінген хабарламада.
