Алматыда 5 жаңа жастар комьюнити орталығы ашылады

Алматыда жаңа орталықтар ашу, жобалардың ауқымын кеңейту және кеңес беру көлемін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қалалық жастар саясаты басқармасының мәліметінше, Алатау, Алмалы, Әуезов, Бостандық және Түрксіб аудандарында бес жаңа жастар комьюнити орталығын іске қосу көзделген. Жаңа алаңдар ашылғаннан кейін қала бойынша олардың жалпы саны 16-ға жетеді.

Инфрақұрылымды кеңейту нәтижесінде жастарды қамту көрсеткіші 570 мыңнан кемінде 700 мың адамға дейін ұлғаяды. Комьюнити орталықтар базасында кемінде 3 мың іс-шара өткізу жоспарланған. Сонымен қатар жұмыспен қамту, психологиялық және құқықтық қолдау бағыттары бойынша 22 мыңнан астам кеңес беріледі. Бұған қоса, қалада алғаш рет кемінде сегіз жастар үкіметтік емес ұйымын құру және дамыту жоспарланып отыр. Олар экологиялық, патриоттық, еріктілік және өзге де бағыттарда жұмыс істеп, комьюнити орталықтардың қолдауымен жобалық командалар ретінде қызмет атқарады. Бұл ұйымдар жастарды қала деңгейіндегі өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге тартуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, инфрақұрылымды дамыту жастарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттырып, оларды қаланың әлеуметтік, мәдени және білім беру бастамаларына белсенді түрде қатыстыруға бағытталған.