Mars компаниясы Қазақстанда жаңа зауыт салмақшы

Қасым-Жомарт Тоқаев Mars компаниясының бас атқарушы директоры Пол Вайраухты қабылдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақорданың мәліметінше, президент Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі мен Mars арасындағы жалпы сомасы шамамен 180 миллион доллар инвестициялық келісімді мақұлдады.

Мемлекет басшысы бұл келісімді стратегиялық маңызды серіктестіктің бастауы ретінде бағалап, Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықтың деңгейін көрсететінін атап өтті.

Жоба аясында Mars компаниясы Алатау қаласында үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салады. Жаңа өндіріс агроөнеркәсіп шикізатын терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Пол Вайраух келісімді жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Тоқаевқа алғыс айтып, зауыттың Mars компаниясының өндірістік әлеуетін арттыруға, сонымен қатар Орталық Азия мен көршілес аймақтарға өнім жеткізу көлемін кеңейтуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да