XIV қысқы паралимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құрама тізімі белгілі болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Туризм және спорт министрлігі Қазақстан намысын қорғайтын спортшылардың тізімін жариялады.
6-15 наурыз күндері Милан және Кортина қалаларында XIV қысқы паралимпия ойындары өтеді. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын дүбірлі додада 79 медаль жиынтығы сарапқа салынып, әлемнің 600-ден астам спортшысы қатысады. Ойындар бағдарламасына пара сноуборд, пара хоккей, тау шаңғысы, арбадағы керлиң, пара биатлон және пара шаңғы жарысы енгізілген, – делінген хабарламада.
Қазақстан атынан қанша спортшы барады?
Қазақстан құрамасы пара шаңғы мен пара биатлон бойынша сынға түседі. Ұлттық құраманың сапына Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин, Анна Грачёва, Нұрлан Әлімұлы және Владислав Кобаль енді.
Қазіргі уақытта спортшылар Санкт-Мориц қаласында (Швейцария) оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. XIV қысқы паралимпия ойындарының ашылу салтанаты 6 наурыз күні Верона олимпиадалық аренасында өтеді.
Естеріңізге салайық, Михаил Шайдоров Италияның Милан және Кортина қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы олимпиада ойындары аясында ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанаудан алтын жеңіп алды.
