Орталық Азияда іскерлік орта қалай өзгереді?

Астанада «Нормативтік талаптарды сақтау және жауапты басқару арқылы бизнестің тұрақтылығын нығайту» тақырыбында мемлекеттік және жеке сектор арасында диалог өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Іс-шараға мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастығы, азаматтық қоғам және халықаралық серіктестер өкілдері қатысты.

Кездесуде Орталық Азия елдеріндегі нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру арқылы бизнестің тұрақтылығын арттыруға бағытталған ұсыныстар айтылды. Қатысушылар комплаенс талаптарын сақтау және жауапты басқару мәселелері бойынша мемлекеттік және жеке сектор арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жолдарын талқылады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бастамалар тұрақты іскерлік ортаны қалыптастыруға, саудадағы әділдікті қамтамасыз етуге және жаңа экономикалық мүмкіндіктерді ашуға ықпал етеді. Әсіресе, халықаралық нарықтарға шығу, жаһандық жеткізу тізбектеріне қатысу және инвестиция тарту үшін айқын, ашық әрі болжамды ішкі ережелердің маңызы зор.

кәсіпкер
Фото: Халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығы

Қазіргі халықаралық жағдайда нормативтік талаптарды сақтау кәсіпкерлер, қаржы институттары мен мемлекеттік органдар арасындағы сенім мен болжамдылықты нығайтатын құралға айналып отыр, — деді CIPE-тің Еуропа және Еуразия бойынша директоры Наталья Отель Белан.

Ал комплаенс және іскерлік этика қауымдастығының тең құрылтайшысы, Alatau City Invest компаниясының басқарушы директоры Даурен Ақшалов санкциялық комплаенс мәселелері бойынша ашық диалог орнату тәуекелдерді адал әрі мазмұнды талқылауға және ортақ практикалық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Іс-шараны халықаралық жеке кәсіпкерлік орталығы (CIPE) мен комплаенс және іскерлік этика қауымдастығы (CBEA) ұйымдастырды. Диалог экономикалық қауіпсіздік пен нормативтік талаптарды сақтау саласындағы негізгі үрдістер, сын-қатерлер мен мүмкіндіктер туралы хабардарлықты арттыруға бағытталған. Кездесу Ұлыбританияның сыртқы істер, достастық және даму істері министрлігінің (FCDO) қолдауымен өтті.