Тоқаев әлеуметтік көмектің мұқтаж жандарға жетуін бақылауды күшейтуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақорданың мәліметінше, кездесуде ведомствоның биылғы негізгі басым бағыттары мен алдағы жоспарлары талқыланды.

Президентке халықты жұмыспен қамту жоспары таныстырылды. Министрдің айтуынша, уақытша шаралардан гөрі тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарын ашуға басымдық берілмек. Сонымен қатар еңбек ұтқырлығын арттыру, білім беру жүйесі мен еңбек нарығының сұранысын өзара үйлестіру көзделіп отыр. Жастарды, оның ішінде NEET санатындағы азаматтарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылады.

Кездесуде атаулы әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіру мәселесі де көтерілді. Министрлік цифрлық бағалау құралдары арқылы әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар еңбекке жарамды азаматтарды міндетті түрде жұмыспен қамту тетіктерін енгізе отырып, әлеуметтік келісімшарт тәжірибесін кеңейту ұсынылды.

Мемлекет басшысына зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын сақтау және зейнетақы төлемдерінің лайықты деңгейін қамтамасыз ету бағытындағы іс-шаралар жөнінде де баяндалды.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселесіне де айрықша мән берілді. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қарай қаржыландыру тетігін дамыту, қызмет сапасының стандарттарын арттыру, оңалту қызметтері мен техникалық құралдардың қолжетімдігін кеңейту жоспарланып отыр. Сонымен бірге инклюзивті жұмыс орындарын құруға басымдық беріледі.

Бұдан бөлек, министр көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары туралы ақпарат берді. Көші-қон үдерісін басқару және болжау сапасын арттыру, ішкі миграцияны теңгерімді жүргізу және еңбек нарығын қорғау басымдықтарының бірі болады.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшысы халықты жұмыспен қамту мен азаматтардың табысын арттыру, әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж жандарға жетуін қадағалау, зейнетақы жүйесін жетілдіру, теңгерімді көші-қон саясатын іске асыру, әлеуметтік қорғауда инклюзивті тәсілдерді дамыту және цифрлық шешімдер арқылы еңбекті қорғау жүйесін күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.