Алматы облысында әлеуметтік желілерде «мені алып қашты» деп жалған мәлімет таратқан қызға айыппұл салынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алматы облысының Қарасай ауданаралық әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты қыздың ісіне қатысты шешім шығарды.
Биыл 15 қаңтарда кешкі сағат 8 шамасында бойжеткен TikTok-та өзін ұрлап кеткені туралы бейнежазба жариялаған. Видео әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қызды мәжбүрлеп некеге тұрғызу, яғни алып қашу белгілері бар бейнематериал ретінде ұсынылған. Алайда сот отырысында әлгі қыз кінәсін толығымен мойындап, видеоны көп қаралым жинау үшін әдейі жариялағанын және өз ісіне өкінетінін айтқан, — делінген хабарламада.
Сот қаулысымен ол ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл салынды. Қыздың әкімшілік құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны және өз әрекетіне өкінетінін ескере отырып, айыппұлдың сомасы 30%-ға қысқартылған. Енді ол 60 550 теңге төлейді.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
