ҚМА заңсыз онлайн-казино ашқан 2 азаматқа іздеу жариялады

Қазақстанда онлайн-казино ашқан екі шетел азаматына іздеу жарияланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қаржы мониторинг агенттігі 1970 жылғы 27 маусымда туған, АҚШ азаматы Дмитры Дружинскы мен 1985 жылғы 8 қарашада туған, Украина азаматы Марина Левковичке іздеу жариялады.

Сот оларға сырттай «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын бекіткен. Олар ҚР аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген екен. Тергеу барысында PIN-UP және PINCO брендтерімен жұмыс істеген онлайн-казино қызметін шетелден әрекет еткені, байланысы бар компаниялар желісі арқылы ұйымдастырған адамдар тобы басқарғаны анықталды. Д.Дружинскы мен М.Левкович координаторлық функцияларды атқарып, сыбайластарды іріктеумен, төлем ұйымдары мен екінші деңгейлі банктер өкілдерімен өзара әрекеттесумен, сонымен қатар ақша қабылдау мен шығару процесін қамтамасыз еткен төлем инфрақұрылымын құру және оның жұмыс істеуіне қатысқан, — делінген хабарламада.