Блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты тергеу аясында қосымша, ауыр қылмыстық баптар тіркелді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Отбасының адвокаты Жасұлан Рахымғалиевтің мәліметінше, ерлі-зайыптылардың әрекеті ҚР қылмыстық кодексінің 214-бабының 2-бөлігі (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабының 2-бөлігі (қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру) бойынша сараланып отыр. 218-бап аса ауыр санатқа жатады және жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Тергеу органдары әлеуметтік желілер арқылы жиналған қаражатты заңсыз кәсіпкерлік нәтижесінде алынған кіріс деп бағалап, оны заңдастыру белгілерін анықтаған. Сонымен қатар іс материалдарында прокурор тарапынан мемлекет мүддесіне қатысты талап-арыз тіркеліп, азаматтардан жиналған қаражатты мемлекет кірісіне өндіріп алу мәселесі көтерілген. Қазіргі таңда блогерлерге қатысты бұлтартпау шарасы қаралып жатыр.
Еске салайық, Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы лицензиясыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын.
