Қазақстанның бірқатар өңірінде республикалық маңызы бар жол уақытша жабылды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» хабарлап отыр.
Компанияның мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына байланысты Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарындағы кейбір автожол учаскелерінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.
Әсіресе Доссор – Құлсары – Бейнеу – Ақтау бағытындағы бірнеше шақырым жолдарда қозғалыс тоқтаған. Сонымен қатар Павлодар облысында көпір өткелінің зақымдануына байланысты Қалқаман жол айрығы маңындағы жол жабылды.
Синоптиктердің мәліметінше, 27 қаңтарда еліміздің көптеген өңірінде қар жауып, боран соғып, көріну қашықтығы төмендейді. Осыған байланысты жүргізушілерге жолға шықпас бұрын бағытты нақтылап, жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтау ескертіледі.
