Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында Ұлттық құрылтай кезінде президенттің берген тапсырмаларын жіктеп, жаңа міндеттерді жүктеді.
Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізудің маңызын атап, елімізді жаһандық цифрлық экономиканың экожүйесіне интеграциялау міндетін қойды. Сонымен қатар президент Ұлттық құрылтайда көмір генерациясын дамытудың және жаңа жылу электр орталықтары жобаларын іске асырудың маңызын атап өткен болатын.
Осыған байланысты «Самұрық-Қазына» қорына қаңтар айының соңына дейін Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында Жылу электр орталықтарын салу жобаларын іске асыру бойынша келісім-шарттарды бекітуді тапсырамын. Құрылыс жұмыстарына алдымыздағы сәуір айында кірісу керек. 2-ші ГРЭС-ны кеңейту бойынша құрылыс барысын ерекше бақылауға алу қажет. Сонымен қатар биыл Курчатовтағы Жылу электр орталығы және Екібастұздағы 3-ші ГРЭС жобаларының техникалық құжаттамасын дайындауды аяқтау керек. Энергетика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеп, үкіметке енгізсін, — деді ол.
Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қоры мұнай мен газдың жаңа кен орындарын игеру және ірі газ өңдеу зауыттарын іске қосу бойынша жоспарларды әзірлеп, олардың орындалуын қатаң бақылауға алады.
