Алматыда автобус жүргізушілеріне арналған 20 алаң салынады

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілері үшін қолайлы еңбек жағдайын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр.

Бұл туралы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы хабарлап отыр.

Басқарманың мәліметінше, бұл алаңдар автобустардың жол жиегінде бейберекет тоқтауын азайтып, жүргізушілердің демалуына қажет жағдай жасауға мүмкіндік береді. Қалада алдағы уақытта 20 тоқтау-бұрылу алаңын салу жоспарланған.

Қазіргі таңда Көктөбе шағынауданында екі маршрутқа қызмет көрсететін, күн сайын 47 автобус шығатын соңғы нүкте ретінде пайдаланылатын тоқтау-бұрылу алаңының құрылысы толық аяқталған. Алаң аумағына асфальтбетон жабыны төселіп, сыртқы жарықтандыру орнатылған. Сонымен қатар жалпы аумағы 49 шаршы метр болатын, тамақтану аймағы мен санитарлық-гигиеналық бөлмесі бар жүргізушілерге арналған модульдік демалыс ғимараты салынып жатыр. Бұдан бөлек, қаланың әртүрлі аудандарында биыл пайдалануға берілетін тағы үш тоқтау-бұрылу алаңының құрылысы жүріп жатыр. Ал қалған 16 алаң бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары басталған, — делінген хабарламада.