Алкогольді сағат 20:00-ден кейін сатуға тыйым салынуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов алкогольді тұтыну елдегі қылмыстың негізгі себептерінің бірі екенін айтып, оны сатуға және бақылауға қатысты ережелерді қатаңдатуды ұсынды.

Ол ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйеніп, елімізде әрбір екінші кісі өлтіру, әрбір үшінші зорлау мен бұзақылық, сонымен қатар жол-көлік оқиғалары мен тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың едәуір бөлігі мас күйде жасалатынын айтты.

Депутаттың айтуынша, алкогольдің қолжетімдігі әсіресе жастар мен жасөспірімдер үшін үлкен қауіп тудырып отыр. Сауда нүктелерінің тым көп болуы олардың қызметін бақылауды қиындатады. Осыған байланысты ол алкогольді балалар мен білім беру мекемелерінен 100 метр қашықтықта сатуға тыйым салуды қайта енгізуді, сонымен қатар алкоголь сататын дүкендер санын шектеуді ұсынды.

Сонымен бірге депутат алкоголь өнімдерін міндетті цифрлық таңбалауға көшуді талап етті. Бұл заңсыз сауданы азайтып, құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Магеррам Магеррамов алкогольді дүкендерде кешкі 20:00-ден кейін, ал кафе мен мейрамханаларда 22:00-ден кейін сатуға тыйым салу және интернет арқылы алкоголь саудасын толық тоқтату туралы ұсыныс айтты.