Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай ақшаға сатылатын марапаттарды тоқтатуды талап етті. Бұл туралы ол мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында айтты.
Депутаттың айтуынша, атаққұмарлық қоғамда дерткe айналып барады, ал марапаттар базарда сатылатын кәдімгі сувенирге ұқсап кеткен. Оларды аты белгісіз қоғамдық ұйымдар оңды-солды таратып жүр. Бұл үрдісті шектеуге арналған заң нормалары болғанына қарамастан, жағдай керісінше ушығып бара жатыр.
Мәселен, «Қазақстанның құрметті азаматы» төсбелгісі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалі және «Ұлт ұстазы» дейтін атақтар кейбір деректерге қарағанда, ашық не жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықта бағаланады екен. Пысықай ұйымдар кәдімгі зәулім ғимараттарды жалға алып, ақшасы бар кәсіпкерден бастап мұғалімге дейін қызыл кілем төсеп, сахнаға салтанатты түрде марапаттайды. Өздері мәз. Шын мәнінде не атақ алып жатқанын өздері де білмейді, — дейді Мақсат Толықбай.
Ол сонымен қатар «Ғасыр ұстазы», «Алаш ұстазы» сияқты күмәнді атақтардың да пайда болғанын айтып, бұл «марапат бизнесі» білім саласына да дендеп енгенін ескертті. Қазір кей мектептерде мұғалімнің кәсіби деңгейі білім сапасымен емес, алған алғыс хаттары мен медальдарының саны арқылы бағалана бастады.
Депутат мұндай жағдай білім жүйесінің негізін шайқалтатын қауіпті құбылыс екенін атап өтті. Осыған байланысты ол мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, заңсыз қоғамдық марапаттарды тарататын ұйымдарға қатысты әкімшілік және өзге де құқықтық шаралар қабылдауды талап етті.
