Шымкенттегі 21 жастағы қыздың өлімі: күдікті ұсталды

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы жергілікті тұрғынды өлтірді деген күдікті ер адамды ұстады.

Іздеу жұмыстарына қалалық полиция департаментінің жеке құрамы толықтай жұмылдырылды. Қаланың кіреберіс және шығаберіс бағыттарында бақылау күшейіп, аумақты жан-жақты тексеру жүргізілді. Күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ашық жерде анықталып, ұсталды. Қазіргі таңда 28 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті марқұммен бұрын таныс болған. Қылмыстың себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады. Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, кешенді жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, Шымкент қаласында Толеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында аса қатыгез қылмыс жасалды. Пышақ жарақатынан 21 жастағы бойжеткен қаза болды.