Жеке тұлғалардың банк шотына қойылатын талап күшейді

Не болды?

Ұлттық банкінің басқармасы банк шоттарын ашу, жүргізу, жабу, онлайн төлемдер мен ақша аударымдары қағидаларына өзгерістер енгізді. Бұл туралы naryk.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Қаулы 2025 жылғы 31 желтоқсанда қабылданып, әділет министрлігінде №37777 болып тіркелді.

Негізгі өзгерістер

1. Жеке тұлғалардың банк шоты. Енді жеке тұлға банк шотын ашқанда, шот арқылы:

  • кәсіпкерлік қызмет;
  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі;
  • нотариус, адвокат, медиатор қызметі;
  • атқарушылық құжаттарды орындауға қатысты операциялар жүргізілмейтінін көрсетуге тиіс.

2. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жаңа талап. Арнайы салық режимі аясында қызмет жүргізу үшін шот ашатын азаматтар (оның ішінде қандастар):

  1. жеке куәлігін;
  2. салық кодексінің 77-тарауына сәйкес арнайы салық режимін қолдану туралы өтініш ұсынады.

3. Мемлекеттік мекемелерге қатысты өзгеріс. Бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер үшін шот ашу кезінде қаржы министрлігінің 2025 жылғы 27 маусымдағы №328 бұйрығына сәйкес рұқсат талап етіледі.

4. Ғылыми жобаларды грантпен қаржыландыру. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобалары бойынша:

  • эскроу-шоттан төлемдер;
  • грант алушы мен контрагент арасындағы келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.

Өзгерістер қашан күшіне енеді?

Қаулы ресми жарияланған күннен 10 күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.