2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 3 триллион 868 миллиард теңге бағытталды.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.
Ведомство мәліметінше, оның ішінде:
-
базалық зейнетақы төлеуге – 1 триллион 252,4 миллиард теңге,
-
ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 триллион 615,6 миллиард теңге жұмсалған.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстандағы зейнеткерлер саны 2 миллион 524 мың адам болды. Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 142 669 теңге, оның ішінде:
-
ынтымақты зейнетақы – 95 096 теңге,
-
базалық зейнетақы – 47 573 теңге.
Министрлік бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мөлшері Ұлттық банк айқындайтын болжамды инфляция деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ал ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляциядан 2%-ға жоғары деңгейде ұлғайтылғанын еске салды.
Сондай-ақ ведомство 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғары мөлшері 120%-ына дейін кезең-кезеңімен арттырылып жатқанын атап өтті.
Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-ынан 70%-ына дейін өсіп, 32 360 теңге болды. Ал ең жоғары мөлшері 105%-дан 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгеге жетті.
