19 желтоқсанда Астанада 40-тан астам шыршаның шамы жағылады

19 желтоқсан күні Астананың барлық алты ауданында бір уақытта 40-тан астам шыршаның шамы жағылады. Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Осыған орай қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттер мен түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мерекелік кештер қауіпсіз әрі ыңғайлы өтуі үшін бірқатар көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі. Атап айтқанда, іс-шаралар өтетін уақытта «Астана Арена» стадионы маңындағы жолдарда көлік қозғалысы шектеледі. Шектеулер «Алау» мұз сарайы жағындағы көшеге және «Астана Арена» стадионының шығыс бөлігіндегі көшеге қатысты болады.

Қозғалыс шектеулері шырша шамдарын жағу басталардан бірнеше сағат бұрын күшіне еніп, барлық мерекелік бағдарламалар аяқталған соң алынады.

Әкімдік жүргізушілерге жолға шығар алдында бағытын алдын ала жоспарлап, жол қозғалысын ұйымдастырудағы уақытша өзгерістерді ескеруге кеңес береді.