«Айша-бибі» өткізу пунктінде 30 келіден астам есірткі тәркіленді

Жамбыл облысындағы «Айша-бибі» өткізу пунктінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі есірткі заттарының ірі партиясын заңсыз алып өту әрекетінің жолын кесті.

Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Ведомство мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 14 желтоқсанда тіркелген. Тексеру барысында техникалық құралдардың көмегімен көлік құралындағы жасырын орындардан күдікті зат салынған 36 қап анықталған. Қаптардың кейбірінде «999» деген таңба болған.

Жүргізілген сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың есірткі екені белгілі болды. Жалпы салмағы 30 келіден асатын есірткі заттарының құрамында 0,999 кг героин, 3,620 кг апиын және 25,949 кг гашиш бар. Аталған дерек бойынша шетел азаматы ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. ҰҚК хабарлауынша, қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — делінген хабарламада.