Сенат ЛГБТ және педофилия насихатына тыйым салды

Сенат ЛГБТ және педофилияны насихаттауға тыйым салуға бағытталған заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Бұған дейін сенаторлар құжатты бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

Қазақстанның мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің айтуынша, түзетулерді әзірлеу барысы толықтай ашық өтті. Жұмыс тобы мүдделі үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйым өкілдерін шақырып, олармен бірқатар кездесулер өткізген.

Вице-министрдің түсіндіруінше, заң ЛГБТ өкілдеріне тікелей жаза қолдануды көздемейді. Жауапкершілік тек құқыққа қайшы контентті тарату фактілері бойынша қарастырылады.

Егер бұзушылық алғаш рет анықталса, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері артады немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау қолданылады. Бұл норма тек ресми өтініш түскен жағдайда іске қосылады. Өтініш келіп түскеннен кейін ғана бағалау және тексеру процедурасы басталады, – деді Евгений Кочетов.

Қабылданған заң жобасы мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.