Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет басшысының медициналық қызметтердің сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселесіне арналған кеңес өткізді.
Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жиында денсаулық сақтау министрлігі мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (МӘМС) қызметін жетілдіру және цифрлық трансформациялау тәсілдері қаралды. Халыққа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарға ерекше назар аударылды.
Қазіргі таңда Қазақстанда МӘМС жүйесімен шамамен 17 млн адам қамтылған, оның 12 млн-ға жуығы жеңілдікке ие санаттарға жатады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, кейінгі алты жылда МӘМС қаражатының жиынтық көлемі 6,8 триллион теңгеден асқан. Оның ішінде 2 триллион теңге азаматтардың жеңілдікке ие санаттары үшін мемлекет тарапынан төленген. Ал биылдың өзінде бұл мақсаттарға 1,4 триллион теңге бағытталған.
Кеңес барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап кеңейтілетініне байланысты қадағалауды күшейту және жүйенің ашықтығын арттыру үшін цифрлық тетіктерді енгізу мәселелері талқыланды. Тиісті заңнамалық өзгерістер 2026 жылдан бастап күшіне енеді.
Бүгінде Қазақстанда медициналық көмектің 92%-ы автоматтандырылған. 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл адами факторды барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сатып алу, медициналық қызметтерге ақы төлеу секілді негізгі бизнес-процестер де цифрландырылған. Қордың ақпараттық жүйесін денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен, сонымен қатар eGov платформасымен интеграциялау жеңілдікке ие санаттар бойынша деректердің автоматты түрде жаңартылуын қамтамасыз етті.
2025 жылғы 1 шілдеден бастап медициналық қызметтердің сапасын мониторингтеу мен төлем жүргізу бірыңғай цифрлық контурға біріктірілді. Жаңа модуль төлем құжаттарының санын тоғыздан үшке дейін қысқартты және бухгалтерлік жүйелермен үздіксіз интеграцияны қамтамасыз етті.
Медициналық ұйымдарда Face ID жүйесін енгізу нәтижесінде жалған тіркеулер саны 7%-ға азайып, шамамен 10,5 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделген.
Келесі жылы медициналық қызметтерді бөлу үшін рейтингтік баға есептеу индикаторларын толық цифрландыру жоспарланып отыр. Ал 2026 жылы медициналық деректердің бірыңғай қоймасын қалыптастыру жұмыстары аяқталады.
Кеңес қорытындысында Олжас Бектенов денсаулық сақтау, жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктеріне цифрландыру жұмысын жандандыруды тапсырды. Ал қаржы министрлігіне денсаулық сақтау жүйесінде қаржылық тәртіпті күшейту жөнінде нақты шаралар қабылдау міндеттелді.
