2027–2029 жылдары ҰБТ-ның жаңа форматы сыналады

2027–2029 жылдар аралығында ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) жаңа форматы кезең-кезеңімен сынақтан өткізіледі.

Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова айтты.

Оның айтуынша, ҰБТ-ны жетілдіру процесі бірден енгізілмей, алдымен пилоттық режимде жүзеге асырылады.

ҰБТ-ны жетілдіру процесі кезең-кезеңімен өтеді. Алдымен пилоттық тәртіпте сынаймыз, содан кейін ғана толық енгіземіз. Қазіргі уақытта ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады, – деді вице-министр.

Айта кетейік, 2025 жылғы қараша айында ұлттық тестілеу орталығы 2026 жылы жоғары оқу орындарына түсу үшін белгіленген ҰБТ шекті балдарын жариялаған болатын. Тестілеу форматы бұрынғыдай сақталады.

ҰБТ бес пәннен тұрады: үш міндетті және екі бейіндік пән.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, талапкерлер келесі ең төменгі шекті баллдарды жинауы қажет:

  • Математикалық сауаттылық – 10 тапсырма, шекті балл – үш;

  • Оқу сауаттылығы – 10 тапсырма, шекті балл – үш;

  • Қазақстан тарихы – 20 тапсырма, шекті балл – бес;

  • Екі бейіндік пән – әрқайсысы 40 тапсырмадан, ең жоғары балл – 50, шекті балл – бес.

Осылайша, 2026 жылы ҰБТ талаптары мен құрылымы өзгеріссіз сақталып, жаңа формат тек алдағы жылдары сынақтан өткізіледі.