Алматы–Астана рейсінде ұшақтан түтін шығып, шұғыл қонуға мәжбүр болды

17 желтоқсан күні таңғы сағат 07:38-де Алматыдан Астанаға бағытталған Air Astana компаниясының КС-851 рейсі кезінде Airbus A321N типті ұшақта түтін пайда болды.

Бұл туралы көлік министрлігі хабарлап отыр.

«Қазаэронавигация» РМК әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығы ұсынған ақпаратқа сәйкес, ұшақ салонында түтін шығып, экипаж MAYDAY апаттық сигналын жариялаған.

Ұшақ екі минуттан кейін, сағат 07:40-та, қауіпсіз түрде қонды. Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушылар мен экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы әуежайының өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметтері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері анықталып жатыр.