Алматы облысы әкімінің орынбасары кешірім сұрады

Алматы облысы әкімінің орынбасары Қанат Есболатов мүгедектігі бар адамдарға қатысты пікірі үшін кешірім сұрады.

Желіде Алматы облысы әкімінің орынбасары Қанат Есболатовтың мүгедектігі бар адамдарға қатысты пікірі тарап жатыр. Ол «мүгедектігі бар адамдарды Құдай жазалады» деп пікір білдірген.

Мүгедектердің еңсесін түсірмейік. Алла тағала бұл кісілерді, орысша айтқанда, «наказали» ғой. Сыйлайық, – деген Қанат Есболатов.

Шенеунік бұл пікірді 28 қарашада денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Алматы облысы тұрғындарымен кездесуінде айтқан. Жиында мүгедектігі бар адамдар да болған.

Әкім орынбасарының пікірі әлеуметтік желіде кең тарап, қызу талқыланған. Көпшілік Қанат Есболатовқа сөгіс жариялауды талап еткен. Шенеуніктің халықтан кешірім сұрауын талап еткендер де болды.

Орыс тілінде айтқан сөзімде қателік бар. Ойымды дұрыс жеткізбеппін. «Құдай үлкен сынақ берген» деп айтпақ болғанмын. Айтқан сөзім көпшіліктің көңіліне тигенін түсіндім. Осы үшін шын ниетіммен кешірім сұраймын, – деп кешірім сұрады әкім орынбасары бір тәулік өткеннен кейін.

Естеріңізге сала кетейік, Қанат Есболатов Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына 2025 жылғы 3 қарашада тағайындалған.