Астананың Кирпичный елді мекені табиғи газға қосылды

Астананың Байқоңыр ауданында орналасқан Кирпичный елді мекені толық газдандырылды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, бұл аумақтағы 255 үй табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді газдандыру жұмыстарының маңызды әлеуметтік және экологиялық тиімдігін атап өтті.

Кирпичный – негізінен өнеркәсіптік аймақ, жеке үйлердің пештері жиі түтін тудырып, ауа сапасын нашарлататын. Газдандырудың арқасында экологиялық жағдай едәуір жақсарып, ауа тазарады. Астана енді толық газдандырылған қала деп айта аламыз. Қазірдің өзінде 15 үй қажет құжаттарын алып, қосылуға дайын, – деді ол.

255 үйді тұрақты газбен қамту үшін екі шкафтық газ реттеу пункті орнатылған. Құбырдың өткізу қабілеті – сағатына 5 мың текше метрден асады.

QazaqGaz Aimaq АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатов газға қосылу рәсімін түсіндірді. Азаматтарға төрт құжат қажет:

  • жеке куәлік

  • техникалық паспорт

  • жер актісі

  • үйдің меншік құжаттары

Өтінішті eGov порталы арқылы онлайн беруге болады.

Сонымен қатар, қалада QazaqGaz Aimaq филиалының тәулік бойы жұмыс істейтін апаттық-диспетчерлік қызметі бар. Мамандар тұрғындарға газды тұрмыста қауіпсіз пайдалану ережелерін тұрақты түрде түсіндіреді.