Алматыда құс еті мен қант арзандайды

Алматыда әлеуметтік маңызы бар 11 өнім бойынша баға тұрақтанды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру аясында «Алматы» ӘКК» АҚ «Алатау-құс» компаниясымен тауық етін жеткізу және сату бойынша форвардтық қарыз шартына қол қойды.

«Алатау-құс» 30 фирмалық дүкенге 358,8 тонна тауықтың сан етін жеткізіп, қала тұрғындарына келісін 1650 теңгеден сатады. Тұрақтандыру мерзімі — 24 ай. Бұл туралы «Алматы» ӘКК» өкілдері хабарлады.

Бұған дейінгі келісім негізінде «Алатау-құс» компаниясы тауықтың сан еті мен жамбасын тұрғындарға келісін 1100 теңгеден сатып отыр.

Сонымен қатар «Алматы» ӘКК» жергілікті өндірушілерден 4500 тонна құмшекер сатып алды. Отандық қант Magnum, Small, Toimart, «Столичный», «Юбилейный» және өзге сауда желілерінде 10%-дан аспайтын үстемақымен сатылады. Өндіруші бекіткен баға – келісіне 405 теңге. Тұрақтандыру келесі жылдың қарашасына дейін жалғасады.

Айта кетейік, биыл наурыз айында «Алматы» ӘКК» мен Magnum Cash&Carry арасында әлеуметтік маңызы бар 11 түрлі азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыруға бағытталған келісім жасалған болатын. Жалпы көлемі – 606 тонна. Тізімге қарақұмық жармасы, макарон өнімдері (өлшеніп сатылатын), күріш, күнбағыс майы, майлылығы 2,5% жұмсақ қаптамадағы айран, майлылығы 72,5% сары май, майлылығы 2,5% пастерленген жұмсақ қаптамадағы сүт, тауық еті (сан, жамбас), бірінші сұрыпты ұн, сиыр еті (жауырын-кеуде бөлігі) және ас тұзы енді. Бағаны тұрақтандыру шаралары 2026 жылы наурызға дейін жалғасады.

Тауық жұмыртқасының құнын тұрақтандыру бағытында «Сары-Бұлақ» компаниясымен 2024 жылы қазаннан 2027 жылы қазанға дейін бірінші санаттағы 86,4 миллион дана жұмыртқа өндіру және өткізу жөніндегі келісім жүзеге асып отыр. Өнім қаладағы ірі сауда желілеріне, «Алатау-Құс» фирмалық дүкендеріне және шағын дүкендерге жеткізіледі. Өндіруші белгілеген баға – данасы 51 теңге, ал сауда орындарында үстемақы 15%-дан аспауға тиіс.

Бұған қоса, Алматыда әр сенбі және жексенбі күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Бұл жерлерде әлеуметтік маңызы бар өнімдер нарықтағы бағадан 15-20% төмен саудаланады. Жәрмеңке қаланың бес ауданында ұйымдастырылады:

  • Алмалы ауданы — Масанчи көшесі (Әйтеке би және Гоголь көшелерінің арасы);
  • Алмалы ауданы — Жамбыл мен Әуезов көшелерінің қиылысы;
  • Әуезов ауданы — Өтеген батыр көшесі (Абай даңғылынан төмен);
  • Бостандық ауданы — Қазақфильм шағынауданы (әл-Фараби даңғылынан жоғары);
  • Медеу ауданы — Меңдіқұлов бульвары – Бектұров көшесі;
  • Жетісу ауданы — Құлагер шағынауданы, Серіков көшесі, 2.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да