Қазгидромет: Алдағы 3 күнде ауа райы жылы болады

«Қазгидромет» РМК синоптиктері алдағы үш күнде ауа райы жылы болатынын хабарлап отыр.

Қараша айының соңына қарамастан, Қазақстанның оңтүстігінде жылы әрі шуақты ауа райы сақталады, күндіз ауа температурасы +13…+18°С аралығында болжанады.

Солтүстік өңірлердің тұрғындарын жауын-шашын күтіп тұр. Солтүстік-батыс циклоны Қазақстанның солтүстік жартысы арқылы жылдам жылжи отырып, жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын, желдің күшеюі және көктайғақ құбылыстарын әкеледі. Алайда температуралық фон біршама қолайлы болып сақталады: түнде -0…-5°С, күндіз 0…+5°С күтіледі, – делінген хабарламада.