Қазақстанда ипотекаға сұраныс азайып, автокредит өсіп жатыр

Қазақстан ұлттық банкі 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы ипотека, тұтынушылық кредит және автокредит нарығындағы ахуал туралы ақпарат жариялады.

Банк секторындағы мәлімет бойынша, осы кезеңде ипотекаға сұраныс азайып, керісінше автокредитке сұраныс артқан. Ал кепілмен және кепілсіз берілетін тұтынушылық несиелерге сұраныс алдыңғы тоқсан деңгейінде қалды.

Ұлттық банктің мәліметінше, ипотекаға қызығушылықтың азаюына жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің 25%-дан 20%-ға дейін төмендейтіні туралы хабар әсер еткен. Осыған байланысты бірнеше банк ипотекалық өнімдеріне өзгерістер енгізген. Соған қарамастан, ипотекаға берілген өтінімдер саны 19% өсіп, 288 мыңға жеткен. Өтінімдердің орташа сомасы да 21% артып, 21 миллион теңге болды.

Бұл сегментте сұраныс өзгерген жоқ. Өтінімдер саны банктердің жаңа цифрлық сервистерін енгізуіне байланысты 94% өсіп, 94 мыңға жетті. Алайда өтінімдердің орташа көлемі 21% төмендеп, 12 миллион теңге болды.

Кепілсіз займдарға сұраныс та бір деңгейде қалды. Банктер бұл сегментте реттеуші талаптардың күшейгенін атап өтті. Негізгі шектеулер:

  • несие мерзімінің бес жылға дейін қысқаруы,

  • 21 жасқа дейін және 55 жастан жоғары азаматтарға қосымша талаптар,

  • несие тарихы жоқ тұлғалардың банкке барып рәсімдеуі.

Нәтижесінде өтінімдер саны 6% азайып, 17,2 миллионға түсті, бірақ орташа сома 7% өсіп, 1 миллион 50 мың теңге болды.

Автокредиттерге сұраныс бірқатар банктер іске қосқан автосалондар субсидиялаған бағдарламалардың әсерінен арта түсті. Өтінімдер саны — 1,52 млн (өзгеріссіз), ал орташа сома 5% төмендеп, 6,9 миллион теңге болды.