Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы 2029 жылы басталуы мүмкін

Қазақстанда ресейлік «Росатом» компаниясы салатын алғашқы атом электр станциясының құрылысы шамамен 2029 жылы басталуы мүмкін.

Бұл туралы атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеп отыр.

Оның айтуынша, нақты мерзім жобалық-зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Көп нәрсе жабдықтың құрамына және жобалық жұмыстарға байланысты. Әзірге нақты айту қиын, Ресей тарапының жоспарына сәйкес, 2029 жылы басталуы мүмкін деп отырмыз. Келесі жылы да жобалық зерттеу жұмыстары жалғасады. АЭС салу – өте күрделі технологиялық процесс, ол мұқият талдауды және жан-жақты дайындықты қажет етеді. Қазір бұл жұмыстарға қазақстандық мердігерлер де тартылған, – деді Сәтқалиев Ақорда кулуарында.