Қазақстанда ипотеканың ставкалары жаңа әдістеме бойынша есептеледі. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.
Агенттік ұлттық банкпен бірлесіп, қарыз сомасының тұрғын үй құнына қатынасына қарай ипотека бойынша ставкаларды айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлейді, — деді ол үкімет отырысында.
Кепілсіз тұтынушылық несиелерге қатысты нарықтық деректер негізінде шекті жылдық тиімді сыйақы ставкасын есептеу әдістемесі қайта қаралады.
Бұдан бөлек, Әбілқасымова тұтынушылық кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту үшін 2026 жылы жиынтық борыштың жылдық кіріске қатысты коэффициенті іске қосылып, оның нормативтік мәні белгіленетінін атап өтті. Сонымен қатар борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу қатаңдайды.
