Шымкентте алимент төлемеген әке 6 айға сотталды

Шымкентте балаларына алимент төлеуден жалтарған ер адам алты айға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлап отыр.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, Қаратау ауданының тұрғыны 4 миллион теңге көлемінде алимент қарызын төлемей келген. Ол қылмыстық кодекстің 139-бабы – «Балаларды асырауға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша жауапкершілікке тартылды.

Биыл прокуратураның бастамасымен алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты 38 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Барлық іс бойынша сот үкімдері шыққан. Бұл республика бойынша осы баппен сотқа жолданған істердің шамамен 9% болды, – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, алиментті уақтылы төлемеу екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғуы мүмкін.

Жыл басынан бері Шымкентте алимент төлемеген 324 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 208-і әкімшілік қамауға алынса, қалғандарына айыппұл салынған. Бұған дейін прокуратура 7 миллион теңгеден астам алимент қарызы бар тағы бір борышкердің алты айға бас бостандығынан айырылғанын хабарлаған болатын.