Тоқаев әскерде қаза болған сарбаздардың аналарынан түскен шағымды қарастыруды тапсырды

Мемлекет басшысы әскерде қаза болған сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымға қатысты бас прокурорға арнайы тапсырма берді.

Бұл туралы президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram-арнасында жазды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бас прокурорға әскерде қаза болған сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырды, – деп жазды Руслан Желдібай.

Айта кетейік, Астанада министрліктер үйі ғимаратының алдында әскерде қаза болған сарбаздардың аналары митиң өткізіп, әділ тергеу жүргізуді талап етті.

Қорғаныс министрлігі қаза болған сарбаздардың ата-аналарымен кездесіп, мәлімдеме жасады. Ведомство ашық диалогқа дайын екенін және әрбір істі жан-жақты қарауға уәде берді. Министрлік әскерде тәртіп пен моральдық ахуалды жақсарту шаралары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар бақылау күшейіп, психологтар тартылғанын және жасанды интеллектіге қосылған бейнебақылау жүйелері енгізіліп жатқанын хабарлап отыр.