Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмаған 2 миллион гектар жерді мерзімінен бұрын мемлекет меншігіне қайтарды.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Министрлік биыл мақсатына сай пайдаланылмаған немесе заңсыз берілген жерлерді қайтару жөніндегі жоспарды мерзімінен бұрын орындады. Жұмыс республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде жүйелі түрде жүргізілген. Жерді қайта бөлу жөніндегі республикалық комиссия және облыстық ведомствоаралық жұмыс топтары құрылып, отырыстар өткізілген.
Тексеріс 2,2 миллион гектар жерді қамтыды: 1,8 миллион гектар бойынша 1 286 ұйғарым берілді, 281,4 мың гектар жерге қатысты сот процесі жалғасып жатыр, ал бұрын пайдаланылмаған 464,7 мың гектар жерді жер пайдаланушылар өз бетінше игере бастады. Қайтарылған жерлердің 704,7 мың гектары халыққа берілді: оның ішінде 176,6 мың гектары – қоғамдық жайылымдар, 528,1 мың гектары – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне конкурс арқылы бөлінді, — деді АШМ.
