Үкімет СҚО-дағы су бөгетін қайта жөндеуге 1,4 млрд теңге бөлді

Үкімет 2024 жылғы су тасқыны кезінде бүлінген бөгетті қайта жөндеу үшін 1,4 миллиард теңге жұмсайтын болды.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Тепличное ауылындағы қорғаныс бөгетін реконструкциялауға үкімет резервінен шамамен 1,4 миллиард теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, — делінген хабарламада.

Бұл ақшаға бөгет қана жөнделмей, маңайындағы жолдар қайта жаңарып, бөгеттің айналасы абаттандырылады.

Үкімет елді мекендерді су тасқынынан қорғау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректері бойынша алты өңірде – Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және салу бойынша 57 жоба, оның ішінде 13 жаңа нысан құрылысы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 57 нысанның 40-ы аяқталды, 221 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, нығайтылды, бұл жұмыстың 91% құрайды, — делінген хабарламада.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да