Құлсарыда түйе жасөспірімге шабуыл жасады

Атырау облысының Құлсары қаласында көшеде жүрген жасөспірімге түйе шабуыл жасап, жаралады. Бұл туралы «Ақ Жайық» хабарлап отыр.

Оқиға 26 қазанда «Үшінші» ықшамауданында болған.

Куәгерлердің айтуынша, көшенің жиегінде байлаулы тұрған түйе кенеттен арқанын үзіп, қасынан өтіп бара жатқан жасөспірімге қарай тұра ұмтылған. Әлеуметтік желіде тараған видеода жануардың баланы қуып жетіп, жерге құлатып, үстіне мінген сәті көрінеді. Түйе жасөспірімді тек жақындап келген көліктің дабылынан кейін ғана босатқан.

Зардап шеккен бала аудандық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оған қажет медициналық көмек көрсеткен. Кейін түйе ұсталды. Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Әдиновтің айтуынша, жануардың сырғасы бар және ол Маңғыстау облысында тіркелген. Алайда әзірге түйенің иесі анықталмаған.