Алматыда 390 отбасы жаңа пәтерге көшті

Алматы әкімдігі қала тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде айтты.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары қалада тұрғын үй құрылысы айтарлықтай жанданды. Ұзақ жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған тұрғындардың көпшілігі бүгінде өз баспаналарына ие болған.

Қазір Қалқаман-2 шағынауданында 594 пәтерлі жеті үй салынып жатыр. Кезекте тұрған азаматтар келесі жылы жаңа пәтер алады, – деді әкім орынбасары.

Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы аясында бүгінге дейін 885 пәтер сатып алынса, жыл соңына дейін тағы 2 265 пәтер алу жоспарланған. Сонымен қатар ескі үйлерді жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Биыл тоғыз айда 390 отбасы жаңа пәтерге көшті. Кейбір тұрғындарға жаңа пәтер берілсе, басқаларына үйлерінің нарықтық бағасына сай өтемақы төленген.

Тұрғындар жаңа қонысқа төмендегі аудандарда ие болды:

  • Түрксіб ауданында – 127 адам,

  • Жетісу ауданында – 107 адам,

  • Алмалы ауданында – 58 адам,

  • Алатау ауданында – 42 адам,

  • Әуезов ауданында – 26 адам,

  • Медеу ауданында – 18 адам,

  • Бостандық ауданында – 12 адам.