Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) азаматтар мен ұйымдарды аты-жөнін жамылып, жалған хаттар мен хабарламалар тарататын алаяқтардан сақ болуға шақырды.
Ведомствоның мәліметінше, кейінгі уақытта өздерін «заңгер» немесе «тексеруші маман» ретінде таныстыратын тұлғалар «сіздің ұйымға қатысты тексеру басталды» деген мазмұндағы хабарламалар жіберіп жүргені анықталған.
Агенттік мұндай хаттар жібермейді және телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Біз ешқашан шот нөмірлерін, SMS-кодтарды немесе құжаттарға қатысты құпия ақпаратты талап етпейміз, – делінген ресми хабарламада.
Қаскөйлер ҚМА мен ҰҚК атынан жалған хаттар таратып, ұйымнан «қызметкерге мінездеме» немесе басқа ақпарат беруді сұрайды. Сонымен қатар WhatsApp арқылы сол ұйымның басшысы мен есепшісінің атынан жазып, олардың нақты суреттері мен аты-жөнін пайдаланады. Бұл тәсіл сенім тудырып, адамдарды шатастырады. Кейін «заңгер» атынан хабарласып, әңгімені құпия ұстауды, ешкімге айтпау керектігін ескертеді. Осылайша, қысым көрсету тәсілі қолданылады – бір мезетте бірнеше қоңырау мен хабарлама келіп, адамды шұғыл әрекет етуге итермелейді. Көп жағдайда жәбірленушілерге банкке барып, белгілі бір нұсқауларды орындау тапсырылып, соның салдарынан азаматтар өз жинақтарын алаяқтарға аударып жібереді.
Мұндай қоңыраулар көбіне зейнет жасындағы адамдарға бағытталады – олар психологиялық қысымға тез түсіп, сеніп қалуы мүмкін.
ҚМА кеңесі:
-
Сабыр сақтап, әңгімені бірден үзіңіз;
-
Бейтаныс сілтемелер мен тіркемелерді ашпаңыз;
-
Ақша аудармаңыз;
-
Бухгалтерия немесе заң бөлімімен хабарласып, ақпараттың рас-өтірігін тексеріңіз;
-
Нөмірді сақтап, құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.
Бұл ақпаратты туыстарыңызға, достарыңызға және әріптестеріңізге жеткізіңіз. Тек бірігіп әрекет еткенде ғана алаяқтарға тосқауыл қойып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз, – делінген хабарламада.
