Қазақстан қайырымдылық жасаудан нешінші орында тұр?

Не болды?

Қазақстан  табысының көп бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтын елдер арасында 30-орында тұр. Бұл туралы Ranking.kz сарапшылары хабарлап отыр.

Мәлімет

Charities Aid Foundation ұйымы әлем қаншалықты жомарт екенін білу мақсатында 101 елдің әлеуметтанушыларымен бірігіп зерттеу жүргізген. Нәтижесінде азаматтардың табысының қанша пайызын қайырымдылыққа жұмсайтыны анықталды.

Зерттеуге қатысқан Қазақстан азаматтарының жауабы бойынша, олар табысының 1,2%-ын қайырымдылыққа жұмсауға дайын. Қазақтар мәрттік бойынша АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Нидерланд сияқты дамыған елдерден әлдеқайда жоғары тұр.

Ақшасы аздар жомарт

CAF зерттеуі бойынша, табысы төмен елдер қайырымдылыққа көп қаражат бөледі. Рейтиңнің алғашқы бестігіне бірден Африканың төрт елі енді. Олар: Нигерия (табысының 2,8%), Мысыр (2,5%), Гана (2,2%) және Уганда (2%). Сонымен қатар ең жомарт мемлекеттер қатарына Қытай да бар (2,2%).

Керісінше ең жоғары жалақы алатын мемлекеттер бұл рейтиңде ең соңғы орындарда тұр. Мысалы, Германия 0,4% табысын қайырымдылыққа береді. Швейцария да жомарттық бойынша 76-орында тұр. Бұл елдің азаматтары табысының небәрі 0,7%-ын ғана қайырымдылыққа беруге дайын.

Ол ақша қайда жұмсалады?

Зерттеушілердің мәліметінше, қайырымдылыққа бөлінген қаражат негізгі үш бағытта жұмсалады. Қайырымдылық жасаушылардың шамамен 38% ақшаны тікелей мұқтаж адамдарға береді, 36%-ы қаражатты қайырымдылық қорларына аударады, ал 25%-ы діни мекемелерге көмектеседі.

Контекст

Еске салайық, былтыр 1,5 миллиард теңге ұрлаған қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайрат ұсталған еді. Биыл сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.