Дана Қарағұсова: Ғарышта барлық анаға арналған ашық хатты аштым

Не болды?

2025 жылғы 8 қазанда кәсіпкер Дана Қарағұсова ғарышқа турист болып ұшып келді. Ол — ғарышқа турист болып ұшқан алғашқы қазақ әйел. Дана ғарышқа ұшқандағы күйін айтып берді.

Мәлімет

Ұшқан сәт керемет болды — денем зымыранның әр қозғалысын сезді, бірақ санам тыныш болғанына таңғалдым. Капсула сатыдан ажырағанда, санамның бір бөлігі әдеттегі сезім шегінен шығып кеткендей еді. Жердегінің бәрі жоқ болып, шексіздік сездім, — дейді Дана Қарағұсова.

Дана Қарағұсова
Дана Қарағұсова. Фото: Blue.origin

Ол қап-қара аспаннан жарқырап толған Ай мен атмосфераның жұқа көк сызығы қоршаған Жерді көргенде адамзат қаншалық ұсақ әрі әлсіз екенін түсінген.

Салмақсыздық күйде жасаған жалғыз ісім мынау болды: Жер бетіндегі барлық анаға арналған ашық хатты аштым. Бұл анама және баласының арманына жетуін қолдаған әрбір әйелге деген жеке құрметім еді. Өзім де — анамын. Балаңның арманы жеткізбестей көрінсе де, оған сеніп, қолдау қаншалық маңызды екенін түсінемін, — дейді ғарышқа ұшқан турист.

Дана Ғарышкерлер ауылында ұлы Айтуармен бірге Қазақстанды экипаж бен Blue Origin қызметкерлеріне таныстырған. Ол қазақтың қонақжай дәстүрін сақтап, экипаж мүшелеріне және компания ұжымына естелік сыйлық табыс еткен. Содан кейін экипаж өзін Space Nomads, яғни «Ғарыштағы көшпенділер» деп атаған.

ғарыш, зымыран
Фото: Blue.origin

Контекст

Естеріңізге салайық, кәсіпкер Дана Қарағұсова ғарышқа турист болып ұшып келген еді. Кәсіпкер бұл сапары жайлы «ұзақ жылдар бойы талпынып келе жатқан арманыма жақындай түсу» деген.

Анықтама

Дана Қарағұсова 25 жылдан астам уақыт бойы медиа, дистрибуция және түрлі шараны ұйымдастырумен айналысқан. Ол елдегі медиа және ивент-холдиң First Media Group негізін қалағандардың бірі.

Дана Қарағұсова — экс-депутат Гүлжан Қарағұсованың қызы.