БҚО-да жаңа индустриялық кезең басталады: 14 инвестициялық ірі жоба қолға алынды

Президенттің тапсырмасы бойынша, Батыс Қазақстан облысында Қытай кәсіпкерлерімен бірлескен 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

Олардың жалпы құны – 134 миллиард теңгеден асады. Жобалар энергетика, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларын қамтиды. Жақын күндері индустриалды аймақта қуаты 34 мегаватт болатын газ электр станциясы мен мұнай катализаторларын қайта өңдеу зауытының құрылысы басталады.

Қажет құрал-жабдықтар тиелген алғашқы контейнерлер Қытайдың Вэйфан қаласынан жөнелтілді. Тиеу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация қатысты.

Мемлекет басшысы атап өткендей, біз шикізатқа тәуелді болмай, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріп отырмыз. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына елеулі серпін береді, – деді Нариман Төреғалиев.

Қытайлық VEGA Power компаниясы алғашқы кезеңде 30 миллион доллар көлемінде инвестиция салады. Жоба толық іске қосылғанда 10-нан астам өнім түрі шығарылады.

Сонымен қатар тараптар медицина саласында да әріптестікті кеңейтуді жоспарлап отыр. Батысқазақстандық делегация Қытайдың iKang Guobin Checkup Center емханасында болып, денсаулық сақтау жүйесіндегі инновациялық тәжірибемен танысты.

Айта кетейік, биылғы жылдың бірінші жартысында Батыс Қазақстан облысы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі бойынша республикада үшінші орынға шықты.