Қазақстан халқының 73%-ы болашаққа сеніммен қарайды – ҰСБ

Ұлттық статистика бюросы «Халықтың өмір сүру сапасы» тақырыбы бойынша үй шаруашылықтарына жүргізілген зерттеу нәтижесін жариялады.

Зерттеуге қатысқан респонденттердің 53,2%-ы (өз бағалауы бойынша) өмір сүру жағдайына риза, 46,3%-ы жартылай риза. Ауылды жерлерде өмір сүру жағдайына риза адамдардың үлесі (65,4%) қалалық жерлерге қарағанда (51,7%) жоғары.

Былтырғы осындай зерттеумен салыстырғанда, халықтың өмір сүру жағдайына риза болу деңгейі 2024 жылы 52,5%-дан 2025 жылы 53,2% өскен.

Респонденттердің 51%-ы дені саулығына қанағаттанатынын, 46,4%-ы жартылай қанағаттанатынын айтты. Былтырмен салыстырғанда (2024 жылы – 49,5%), денсаулыққа қанағаттану деңгейі 1,5 пайыз артты.

Материалдық қамтамасыз етілу деңгейі (табысы) бойынша респонденттердің 73,6%-ы өзін орташа қамтамасыз етілгендер қатарына жатқызады.

Респонденттердің 65,8%-ы туыстары немесе таныстарынан моральдық қолдауға сенімді екенін көрсетті.

Сауалнамаға қатысқандардың 73% болашағына сенімді және келешекте жағдай жақсарады деп сенеді.