Аймағамбетов: Мектеп пен балабақша тұрғын үйден кейін емес, онымен бірге салынуға тиіс

Не болды?

Депутат Асхат Аймағамбетов Құрылыс кодексі жобасында әлеуметтік салаға қатысты мәселелер әлі шешілмегенін айтып отыр. Депутаттар ұсынған түзетулер әзір қабылданбаған.

Жобада тұрғын үй мектепсіз салынбасын деген норма жоқ

Асхат Аймағамбетов мектеп пен балабақша тұрғын үйден кейін емес, онымен бірге салынуға тиіс екенін айтады.

Былтыр көпқабатты тұрғын үйлерді мектепсіз, балабақшасыз және емханасыз салуға тыйым салатын заң қабылдадық. Бұл заң енді ғана жұмыс істей бастаған еді. Алайда жаңа кодекс жобасында ол норма жоқ. Бұл – әділетсіздік, — деп жазды депутат.

Асхат Аймағамбетов былтыр «әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлердің терезесі міндетті түрде қауіпсіздік құлыптарымен жабдықталуы керек» деген норма қабылданғанын айтып отыр.

Алайда жаңа кодекс жобасын ашып қарасақ, бұл норма жоқ. Неліктен? Иә, мүмкін «қымбат» шығар? Мүмкін «құрылыс компаниясына тиімсіз» болар?

Кейін саламыз деген меморандумның күші жоқ

Депутат «Бизнес–әкімдік» меморандумдарының күші жоқ екенін жазып отыр.

Тұрғын үй салатындар әкімдіктермен мынадай меморандумға жиі қол қояды: «Үй салуға рұқсат беріңіздер, кейін мектеп саламыз», «кейін инфрақұрылымды қамтамасыз етеміз». Ал іс жүзінде бұл меморандумдар – жай уәде, заңды күші жоқ құжат. Сондықтан бұл енді жай уәде емес, құрылыс компаниясының заңды міндеттемесі болуы керек деген тетік ұсындық, — дейді Асхат Аймағамбетов.

Сапасыз салғаны үшін бекітілген айыппұл аз

Депутаттың айтуынша, қазір әлеуметтік нысандардың бір жері бүлінеді де тұрады, материалы сапасыз әрі жұмысы немқұрайлы істеледі. Өйткені айыппұл тым аз әрі күлкілі естіледі.

Ұсынысымыз мынадай: құрылыс нормаларын бұзғаны үшін айыппұлды бірнеше есе арттырып, аса өрескел бұзса, қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет. Қазір мұндай норма жоқ, — дейді ол.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл нормаларды заңға емес, кейін бұйрық пен қағидатқа енгізуді ұсынғандар бар.

Заң мен бұйрықтың айырмасы орасан зор. Заңды тек парламент өзгерте алады. Заңдағы нормаға сотта сілтеме жасауға, оның орындалуын талап етуге және бұзғандарға жауапкершілік жүктеуге болады. Ал басқа актілер бүгін қабылданып, ертең жойылып отырады, — дейді депутат.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекет басшысы жыл соңына дейін Құрылыс кодексін қабылдауды тапсырған еді.