Алматы облысында 2 АЭС салынады: тағы біреуі БҚО-да салынуы мүмкін

Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның оңтүстігінде тағы бір АЭС салынатынын айтты.

АЭС-ның келесі алаңы Алматы облысындағы Жамбыл ауданы болып таңдалды. Яғни, бізде екінші станциямыз да еліміздің оңтүстігінде болады. Біз АЭС салу бойынша конкурсқа қатысушылардың бәрімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ал Қытайдың CNNC компаниясына қатысты түбегейлі шешім қабылданған жоқ. Бірақ біз бұл компанияны АЭС салу бойынша басымдық берілген мердігер ретінде қарастырамыз деп үнемі айтып келеміз, – деді Алмасадам Сәтқалиев парламент мәжілісінің кулуарында.

Алмасадам Сәтқалиев Каспий теңізінің жағалауында атом электр станциясын салуға қатысты пікір айтты. Бүгінде Батыс Қазақстанда атом электр станциясы салынатын алаң анықталған жоқ.

Бірақ Каспий жағалауы шағын және орта қауаттылығы бар реакторлары бар атом электр станциясын салуға болатын жер ретінде қарастырылып жатыр. Жақын арада тиісті зерттеу жұмыстары атқарылады, — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Оның айтуынша, АЭС салынатын жер МАГАТЭ талаптарына сай болуы қажет.