Шымбұлаққа кіретін көлік дауы. Алматы тұрғыны Конституциялық сотқа арыз түсірді

Не болды?

Бұған дейін Алматы әкімдігі Шымбұлаққа көлік кіруді шектейтін қаулы шығарған еді. Енді бір Алматы тұрғыны сол қаулыны тексеру жөнінде Конституциялық сотқа арыз түсірді.

Мәлімет

Шымбұлаққа іштен жану қозғалтқышы бар көлік кіруіне салынған тыйым Конституциялық сотта дау тудырып жатыр. Алматы тұрғындары бұл шектеулер олардың құқықтарын бұзады және электромобиль иелеріне артықшылық береді деп есептейді.

Дау 2023 жылғы 6 наурызда қабылданған №1/167 қаулысынан туып отыр. Ол кезде 2016 жылғы құжатқа өзгерістер енген еді. Жаңа ереже бойынша, ерекше қорғалатын табиғи аймаққа тек:

  • электромобильдерге;
  • арнайы техникаға;
  • коммуналдық, жедел және төтенше қызметтердің көлігіне кіруге рұқсат берілген.

Өтініш беруші бұл шешім

  • оның еркін жүріп-тұру құқығын шектеу дейді, өйткені ол өз үйіне іштен жану қозғалтқышы бар көлігімен бара алмайды;
  • ол мұны дискриминация деп бағалап отыр, себебі бұл жағдайда электромобиль иелері артықшылыққа ие болады.

Тексеру барысы мен нәтижесі туралы ақпарат Конституциялық соттың ресми сайтында жарияланады.

АНЫҚТАМА

«Шымбұлақ» – Алматыға жақын орналасқан Қазақстандағы танымал тау-шаңғы курорты. Ол Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағында, теңіз деңгейінен 2200–2500 метр биікте орналасқан.

Контекст

Естеріңізге салайық, Алматы әкімдігі 2023 жылғы наурызда Шымбұлаққа автокөлік кіруіне шектеу енгізу туралы шешім қабылдаған. Мақсат – көлік жүктемесін азайту және қоршаған ортаға түсетін антропогендік әсерді төмендету.

Әкімдіктің мәліметінше, бұл шаралар қорғалатын табиғи аймақтың экологиясына зиян заттардың таралуын азайтуға мүмкіндік береді. Бұған дейін аймақта жылжымайтын мүлкі бар және сол жерде тұратын азаматтарға көлік түріне қарамастан кіруге рұқсат берілетін.