Не болды?
16 қыркүйектен бастап қылмыстық заңнамада азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауды күшейтуге бағытталған өзгеріс күшіне енді. Соның ішінде адамды ұрлағандар және некеге тұруға мәжбүрлегендердің жазасы қатаңдайтын болды.
Мәлімет
«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң адамды ұрлау және некеге тұруға мәжбүрлеу сияқты тақырыптарға қатысты маңызды жаңашылдықтарды қамтиды.
Негізгі өзгерістердің бірі – Қылмыстық кодекстің 125-бабына қатысты ескертудің алып тасталғаны. Бұған дейін жәбірленушіні өз еркімен босатқан адам қылмыстық жауапкқа тартылмайтын. Енді айыпталушы жәбірленушіні өз еркімен босатса да, жауапқа тартылады.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бап қосылды. Енді «Неке қиюға мәжбүрлеу» — қылмыс.
Жаза түрлері:
-
айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар, бостандықты шектеу немесе одан айыру;
-
жағдайға байланысты – 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру;
-
абайсызда ауыр зардаптарға әкелсе, бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
-
әрекет күш қолданумен, кәмелетке толмағандарға қатысты, тәуелді жағдайды пайдалану арқылы, топ болып немесе қызметтік жағдайды пайдаланып жасалса, неғұрлым қатаң жаза беріледі.
Бұл өзгерістер мәжбүрлі некелердің алдын алуға және ең алдымен әйелдер мен жасөспірімдер сияқты азаматтарды қорғауға бағытталған.
