Алматының Әуезов ауданының 8-шағынауданында, Алтынсарин көшесінің бойындағы №37 үйдің жанында бұрын бос тұрған жер абаттандырылды.
Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жоба «Сұлтан құрылыс» ЖШС мердігер ұйымы арқылы 2025 жылғы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асты.
Әкімдіктің мәліметінше, жүргізілген жұмыстың нәтижесінде бос жатқан аумақта тұрғындардың серуендеуіне және демалуына арналған жаңа сквер салынды. Абаттандыру барысында жаңа асфальт және жаяу жүргінші жолы төселіп, 27 заманауи шам, шағын сәулеттік нысандар орнатылды. Оның қатарында орындықтар, 16 метрлік орындық және әткеншекті пергола бар. Жасыл желек үшін 180-нен астам ағаш пен бұта отырғызылды, 110 шаршы метрлік альпілік төбе, көгал мен жасыл шарбақ жасалды. Өсімдіктерге күтім жасау үшін автоматты суару жүйесі орнатылды.
Бұл сквер – тұрғындар бастамасы мен мемлекеттің қолдауының арқасында бос аумақтардың жайлы қоғамдық кеңістікке айналып жатқанын көрсететін жарқын мысал, – делінген хабарламада.
